Спорт – ұлт рухын көтеретін, елге деген сүйіспеншілікті, табандылық пен жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды сала. «Спорт – патриотизм мен ерік-жігер бастауы» атты кездесу жастарды салауатты өмір салтына баулып, жеңіске жету жолындағы еңбек пен төзімділіктің маңызын ұғындыруды мақсат етеді.
Кездесудің қонақтары – еліміздің спорт саласында үлкен жетістіктерге жеткен, жастарға үлгі бола алатын спорт шеберлері.
Бекзат Жалғасбайұлы Нұрдәулетов – жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы. Ол 1998 жылы 10 сәуірде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген.
Бекзат Нұрдәулетов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері (2019), 2019 жылғы әлем чемпионы, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы. Сонымен қатар, ол жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2016) және кәсіпқой бокста WBO нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы (2022). Оның спорттағы жолы – табандылықтың, ерік-жігердің және Отанға деген адалдықтың айқын үлгісі.
Асқар Қуаныш Баймұратұлы – жүгіру және жүзу спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының көп дүркін чемпионы. Ол халықаралық жарыстардың және Әлем кубогының жүлдегері ретінде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшы. Асқар Баймұратұлының жетістіктері – үздіксіз еңбектің, тәртіп пен мақсатқа адалдықтың нәтижесі.
Кездесу барысында спортшылар өз өмір жолы, спорттағы жетістіктері мен қиындықтары, жеңіске жетудегі ерік-жігердің маңызы туралы ой бөлісіп, жастарды спортпен айналысуға, елін сүюге, биік мақсат қоюға шақырады.
Бұл кездесу – жастардың бойында патриоттық рухты нығайтып, спорт арқылы мінез қалыптастыруға бағытталған тағылымды шара болмақ. Жауапты: өзін-өзі ұйымдастыру ұйымы.

KZ
