«Балалар кітапханасы» жобасы аясында 8-сынып білім алушылары арасында Жамбыл Жабаев шығармашылығына арналған «Жыр дүлділі – Жамбыл» тақырыбында топтық сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығын терең таныту, олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ ұлттық рух пен поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру болды.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. І кезең «Өлеңмен өрілген өмір» деп аталып, әр сынып өздеріне берілген тақырыптар бойынша постер дайындап, 5 минут ішінде қорғады. Атап айтқанда, 8 «А» сыныбы ақынның туған жері мен балалық шағын таныстырса, 8 «Ә» сыныбы шығармашылық жолына тоқталды. 8 «Б» сыныбы айтыскерлік өнерін сипаттап, 8 «В» сыныбы елге танылған кезеңдерін баяндады. Ал 8 «Г» сыныбы ақын туралы қызықты деректер ұсынды. 8 «Ғ» сыныбы ақынның ел, Отан, ерлік тақырыбындағы жырларын, соның ішінде «Ленинградтық өренім» өлеңінің маңызын ашып көрсетті. 8 «Д» сыныбы Жамбылға арналған ескерткіштер, мұражайлар мен көше атаулары туралы мәлімет берсе, 8 «Е» сыныбы халықтың поэзиядағы орнын талдады. Бұл кезеңде қатысушылардың жұмыстары ақпараттың дұрыстығы, топтық үйлесімділігі және шығармашылық безендірілуі бойынша бағаланды.
ІІ кезең «Өлең әлеміне саяхат» бөлімінде оқушыларға ақын өлеңдерінен үзінділер беріліп, оларды мәнерлеп оқып, мағынасын түсіндіріп, тақырыбын анықтады. Бұл кезең оқушылардың көркем оқу шеберлігін және әдеби талдау қабілетін айқындады.
ІІІ кезең «Білім бәйгесі» форматында өтіп, оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап берді. Бұл бөлімде білім деңгейі мен жылдам ойлау қабілеті сынға түсті.
Жалпы, сайыс өте тартымды әрі мазмұнды өтті. Оқушылар белсенділік танытып, өз білімдері мен өнерлерін көрсете білді. Іс-шара барысында оқушылар Жамбыл Жабаев мұрасымен тереңірек танысып, қазақ поэзиясына деген қызығушылықтарын арттырды.

KZ
